Нұр-Сұлтанда нөсер кәрізі бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр
Елордада орналасқан жауын-шашын кәріздерін толық тексеру кезінде коллекторлардың 60-тан 100%-ға дейін ластанғаны анықталды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Жауын-шашын кәріздері мен коллекторлар қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудегі маңызды жүйелердің бірі. Оларды салу, құдықтарды тазарту, заңсыз жалғанған жерлерді анықтау және иесіз қалған кәріздерді қожалыққа алу жұмыстарымен «Elorda Eco System» компаниясы айналысады. Бүгін қызметкерлермен кездесіп, игі жұмыстары үшін алғыс айттым. Еңбек жағдайын жақсарту үшін арнайы техника паркін жаңартамыз.
Қалада орналасқан жауын-шашын кәріздерді толық тексеру кезінде коллекторлардың 60-тан 100%-ға дейін ластанғаны анықталды. Мысалы, Бараев көшесі мен Тәуелсіздік даңғылында орналасқан коллектордан 30 м3 астам бетон массасы алынды. Арықтар мен құдықтардан 2,5 мың тонна қоқыс шықты.
Жарты жыл ішінде 54 км астам коллекторлар, 32 мың м.п. арық-науа желілері, 4 мыңға жуық бақылау және жауын-шашын қабылдайтын құдықтар тазартылды. 60-тан астам құдық пен жаңбыр сүзетін торлар табылып, қалпына келтірілді.
Тәшенов, Амман, Янушкевич көшелері; Мәңгілік ел даңғылы сияқты өзге де проблемалық учаскелерде 250 м астам су өткізу құбырлары жөнделді. Бұдан басқа жауын-жашын кәріз жүйесіне 230-дан астам заңсыз қосылу анықталды. Мұның барлығы жауын-шашын кәріздері мен коллекторлардың жұмысын едәуір қиындатқан еді.
Қаланың өсу қарқынын ескере отырып, бірқатар жауын-шашын кәрізі мен коллекторлардың құрылысы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жұмыс істеп тұрған жауын-шашын кәріздері мен құдықтардың жүйелерін тазарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді», — деп жазды қала әкімі.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz