Қойылым тобы Сахналық нұсқасын жасаған және режиссёрі — Нұрлыгүл Ғалымжанқызы Қоюшы балетмейстері — Айгүл Амандықова Дыбыс режиссёрі — Даниал Балтабай Сахна суретшісі — Іңкәр Кәрімова Костюм суретшісі — Ақерке Авезханова Жарық суретшісі — Асылбек Оспанов Кейіпкерлер мен орындаушылар: Айнан — Оразалы Игілік Емрон — Мұхамедсаид Бағашаров Түлкі — Аяжан Бағдат Ақ ит — Ілияс Өтетілеу Қызыл ит — Айдос Дүйісбай Өжет — Бибол Байғараев Салпаңқұлақ — Алмаз Әбденов Қошқар мүйізді — Қазыбек Есқара Матрөшкі — Қалима Наушабаева Қара әйел — Меруерт Танашева Хор қызы — Айнагүл Исмағұлова Қарағайлар — Ләззат Нәсір, Аяулым Бағзат, Дариға Қуатова, Ботагөз Қуанышова, Ақбота Нұрлан, Даяна Маратова Көпшілік сахнада : театр әртістері «Ақ мұнар» спектаклі — қатал табиғат жағдайында өмір үшін күрескен екі эскимостың тағдырын суреттейтін философиялық шығарма. Айнан мен Емрон Янкрыннаттан мекеніне қарай жолға шығып, сапар барысында ақтүтек боранға ұрынып, бағытынан жаңылады. Олардың шанасын сүйреген иттердің жетекшісі Ақ ит қатты аяз бен ауыр жолға шыдамай қаза табады. Жолда қалған адамдар мен иттердің жағдайы күн санап қиындай түседі. Емрон тірі қалған иттерді аман алып қалу үшін өлген Ақ итті азық ретінде пайдалануды ұсынады. Алайда Айнан бұл әрекетті адамгершілікке жатпайтын қатыгездік деп қабылдайды. Ол Ақ итті құрметпен жерлемейінше не ағаш басына байламайынша, бұл жерден кетуден бас тартады. Осы оқиға екі кейіпкердің өмірге, өлімге, табиғатқа және адамдық қасиетке деген көзқарасының қарама-қайшылығын ашады. Олардың арасындағы тартыс біртіндеп терең философиялық мәселеге ұласып, көрерменді адамгершілік пен ар-ождан туралы ойлануға жетелейді. Қойылымда мейірім, жанашырлық, ар, ұят және жауапкершілік сияқты құндылықтардың адам өміріндегі орны сөз болады. Тіршілік үшін күрес кезінде адам өзінің адамдық болмысын сақтап қала ала ма деген маңызды мәселе көтеріледі. Спектакль көрерменді өмірлік ойға жетелейді: адамды жануардан ерекшелейтін сана мен ақыл болса, бүгінгі адам өз өмірінде қандай рухани құндылыққа сүйеніп жүр? Спектакльдің тұсаукесері 2026 жылғы 24, 25, 26 қыркүйек күндері өтеді.