«Тәуелді» драматерапиясы қазіргі қоғамдағы тәуелділік қасіретінің мәселесін көтеретін әлеуметтік-психологиялық қойылым. Спектакльдің өзегінде әртүрлі кейіпкерлердің соның ішінде: лудомания, гейминг, нашақорлық тәуелділіктеріне тап болған тағдыр иелерінің өмірі жатыр. Басты кейіпкерлер бір терапиялық кеңістікте бас қосып, өз оқиғаларын баяндайды. Олардың оқиғалары арқылы, қоғам қасіреттерінің тек адам өміріне ғана емес, жақындарына да келтірер залалын байқауға болады. Қойылым деректі театр мен драматерапия элементтеріне негізделген. Қойылым тәуелділікті тек жаман әдет ретінде емес, адамның ішкі психологиялық мәселелерімен байланысты құбылыс ретінде қарастырады. Драматерапияның басты мақсаты тәуелділік мәселесін ашық көрсету, оның алдын алу және қоғамда психологиялық қолдаудың маңызын түсіндіру. Тәуелділік драматерапияда жай ғана әлсіздік немесе адасу емес, адамның психологиялық күйзелісі мен рухани жарасының салдары ретінде көрініс тапқан. Кейіпкерлердің психологилық әдістер арқылы өзінің тәуелділікке ұшырағанын мойындату – қасіреттен арылудың алғашқы қадамы ретінде қарастырылады.