Жүктелуде...
Жаңа мектептер және заманауи кеңістіктер: Астанада 9 білім беру нысаны ашылды
Жаңа оқу жылына орай Астанада 9 жаңа білім беру нысаны ашылды: №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептерінің жанынан жеті қосымша оқу ғимараты, сондай-ақ екі жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Жаңа ғимараттар заманауи оқу кабинеттерімен, асханалармен, спорт залдарымен және коворкинг-аймақтармен жабдықталған. Сыйымдылығына қарай әрбір қосымша корпус екі ауысымда 1 000-нан 1 200-ге дейін оқушынықабылдай алады.
Мектеп инфрақұрылымын кеңейту қолданыстағы ғимараттарға түсетін жүктемені азайтып, оқушы орындарының тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа корпустарда ең алдымен бастауыш сынып оқушылары білім алады.
Бүгінде елорданың 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алуда. Ал биыл шамамен 33 мың бала алғаш рет бірінші сыныпқа барды.
Елордадағы мектеп инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары Астанада 100 мыңнан астам оқушы орнына есептелген 44 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 23 мектеп «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.
Сонымен қатар, оқу жылы басталар алдында 38 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық білім беру нысандары жылыту маусымына дайындалды.
Осылайша, елордадағы мектептерді дамыту — бұл тек қосымша оқушы орындарын құру ғана емес, балаларға білім алуға, спортпен айналысуға, қарым-қатынас жасауға және өз қызығушылықтарын дамытуға қолайлы заманауи орта қалыптастыру.
Жаңа мектептер — елорданың болашақ ұрпағы үшін жаңа мүмкіндіктер.
Теги