Жүктелуде...
Air Astana әуе компаниясы Астана мен Оман Сұлтанатындағы Салала қаласын байланыстыратын жаңа халықаралық бағытты іске қосты.
Астана — Салала бағыты бойынша алғашқы рейс 2026 жылғы 24 қазанда орындалды. Airbus A320 ұшағы толық жүктемемен ұшып, бортта 140 жолаушы болды.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстанның халықаралық әуе қатынасын кеңейту жөніндегі жұмысының бір бөлігі болды. Бұған дейін, 23 қазанда, Air Astana Алматыдан Салалаға алғашқы рейсін орындаған. Осылайша, әуе компаниясы Қазақстанның ірі авиациялық орталықтарынан Оманның екі қаласына тікелей қатынас ашты.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Астанадан Салалаға рейстерді аптасына бір рет, сенбі күндері орындау жоспарланған. Жаңа бағыт жолаушылардың саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстан мен Оман арасындағы туристік, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Тікелей рейс жолаушыларға басқа қалада ауысып мінбей-ақ Салалаға жетуге мүмкіндік береді.
Теги