Жүктелуде...
Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі — оқушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту, педагогтерді жаңа технологиялармен жұмыс істеуге даярлау және жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу.
Мектептегі білім беру мазмұнын жаңарту аясында 1–9-сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің оқу жоспарлары қайта қаралды. Бұл пәндер негізгі цифрлық дағдыларды қалыптастыруға, логикалық және сыни ойлауды дамытуға, сондай-ақ оқушыларды технологияларды оқу барысында және күнделікті өмірде қолдануға үйретуге бағытталған.
Білім беру жүйесінде Roqed AI, Kashgari, STEM-solutions және testter.kz сияқты отандық цифрлық құралдар енгізілуде. Олар оқу процесін қолдауға, тапсырмаларды орындауға және цифрлық ресурстармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға арналған. Астанадағы № 99, 101, 104 және 107 мектептердің тәжірибесі жасанды интеллект құралдарын білім беру практикасында қолданудың мүмкіндіктерін көрсетеді. Атап айтқанда, мұндай шешімдер тапсырмаларды тексеру тиімділігін арттырып, педагогтердің жүктемесін азайтуға көмектеседі.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да ерекше назар аударылып отыр. 2025 жылы «Өрлеу» платформасында жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу бойынша арнайы курстардан 240 мыңнан астам педагог өтті. Ал 2026 жылы ChatGPT Edu жобасы аясында тағы 200 мыңнан астам маманды оқыту, соның ішінде жеке ЖИ-ассистенттер құру мүмкіндіктерін меңгерту жоспарланған.
Сонымен қатар Қазақстан Массачусетс технологиялық институтымен (MIT) бірлесіп Day of AI Qazaqstan халықаралық жобасын жүзеге асыруда. Бастама оқушылардың жасанды интеллект туралы сауаттылығын арттыруға және осы тақырыптарды оқу пәндеріне енгізуге бағытталған.
Цифрлық білім беруді дамыту жаңа құралдарды пайдаланумен ғана шектелмейді. Оның маңызды бөлігі — оқушылардың технологияларды жауапкершілікпен қолдану, ақпаратты талдау және міндеттерді өз бетінше шешу дағдыларын қалыптастыру.
Теги