Жүктелуде...
Астанада Smart City тұжырымдамасы аясында цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Негізгі бағыттар — «Қауіпсіз қала», «Ашық қала» және «Ақылды қала».
Жобаларда жасанды интеллект технологиялары, қалалық процестерді автоматтандыру және ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы қауіпсіздікті арттыруға әрі тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға басымдық берілген.
Astana Smart City платформасына 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Жүйеде жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитиканың 35 сценарийі енгізілді. Олар түтінді, өртті, адамдардың көп шоғырлануын, төбелестерді және басқа да штаттан тыс жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Оқиғалар туралы ақпарат қалалық қызметтерге нақты уақыт режимінде беріледі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жүйенің көмегімен 2,5 мыңнан астам оқиға өңделген.
Цифрлық шешімдер білім беру ұйымдарында да енгізілуде. Қауіпсіздік жобасының екінші кезеңі аясында 100 мемлекеттік мектепте шамамен 2 мың камера мен 100 дабыл түймесі орнатылды. Жалпы, бірыңғай жүйеге 10 мыңнан астам мектеп камерасы біріктірілген. Мемлекеттік балабақшаларда да кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар тұрғындардың қалалық қызметтермен цифрлық өзара байланысы дамуда. Бірыңғай iKomek 109 байланыс орталығы бірінші жартыжылдықта 1,1 миллионнан астам өтініш өңдеді. Сұрақтардың 83%-ы алғашқы қоңырау кезінде шешілген. Astana.kz платформасында 14 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген, ал қала және коммуналдық қызметтердің саны 115-тен асады.
Зияткерлік жүйелерді дамыту жекелеген цифрлық шешімдерден бірыңғай қалалық инфрақұрылымға көшуге бағытталған. Бұл оқиғаларға жедел әрекет етуге, қызметтерді алуды жеңілдетуге және қаланы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Теги